Хабарландыру
«ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
ЖЫЛ САЙЫН ӨТКІЗІЛІП ОТЫРАТЫН «ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
1-ші наурыз - Алғыс айту күні облыста жыл сайын өткізіліп отыратын «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы өз жұмысын бастады. Акция ағымдағы жылдың 31-ші мамырына дейін жалғасын табады.
Акцияның мақсаты – әрбір азаматты қайырымдылық ісіне тарту және оның жүзеге асуына олардың ортақтасуы, балалар мен жасөспірімдердің тілектерін орындауға көмектесу үшін ортақ күш салуды біріктіру болып табылады.
Өңіріміздегі аз қамтылған отбасылардың мұқтаждықтары мен өтініштеріне бей-жай қарамай, балаларға қол ұшын беруге әзір тұрғындар TYLEK.KZ сайты арқылы көмек көрсете алады. Акцияға кез келген адам қатыса алады. Ол үшін сайтқа кірсеңіз болғаны. «Жүректен жүрекке» бөлімінде баланың орындалмаған тілегін таңдап алып, «Көмектескім келеді» батырмасын басу қажет. Өзіңіздің байланыс мәліметтеріңізді қалдыра аласыз. Кейін акцияның ұйымдастырушылары сізбен хабарласады.
«Жүректен жүрекке» акциясының шеңберінде киім-кешек, аяқ киім, кітаптар, балалар ой-өрісін дамытатын ойындар, спорттық құралдар, шығармашылық дамуына қатысты басқа да бұйымдар сияқты аса қажетті заттарды сатып алуға байланысты өтініштер ғана қарастырылады.
Акция бастау алғалы 5 жыл ішінде 10 мыңға жуық тілек орындалды. Тілектердің барлығы облыстың коммерциялық және басқа да ұйымдардың, жеке тұрғындардың белсенді демеушілік көмегі арқылы жүзеге асты.